-A A +A

Тарихы

Отандық Әділет органдарының құрылғанына 90 жылдай уақыт ішінде қиын жолдарды бастан өткерді. Бұл жолда қуғын-сүргін азабын, Ұлы Отан соғысының азапты жылдарын, елдің тоқырауы мен қайта құрудың зардаптарын бастан өткерді. Қазақ елінің қайсар да, батыл ұл-қыздары өздерінің жүрек қалауымен кәсіби заңгер және өз өмірлерін әділеттің ақ жолына арнады.

Атырау өңірі - 20-30 жылдардағы Әділет органдарының халық комиссарлары Шафқат Бекмұхамедов пен Боран Айтмағамбетовтың туып -өскен жері. Атырау облысының Әділет департаменті қызметкерлері осы саладағы ардагерлерді, басшыларын және қатардағы қызметкерлерін ұмытпай, есте сақтап, қадірлей біледі.

1943 жылдан 1953 жылға дейін Гурьев облыстық Сотының төрағасы Сейдағали Елшібаев 1909 жылы туған. Мәскеу Мемлекеттік университетін бітірген. 1953 жылдан 1970 жалға дейін Қызылорда облыстық сотының төрағасы болған. 1970 жалдары зейнеткерлерікке шыққанға дейін Әділет министрлігінде Әділет кеңесшісі болып істеді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері Қәдірхан Сегізбайұлы Әйтешев (1912 жылы туылған) судья болып 30 жылға тарта еңбек етеді. Әбуләйіс Шілманов Алматы заң институтын бітірген. Еңбек жолын Қызылорда облысында әділет бөлімінің ревизорлығынан бастаған. Бір жылдан соң Сырдария аудандық сотының судьясы болды. 1954 жылы Қызылорда облыстық Әділет басқармасы бастығының орынбасарлығына тағайындалды, 1966 жылы Атырау облыстық Сотының төрағасы, ал облыстық атқару комитеттері жанынан әділет бөлімі құрылған кезде осы бөлімнің бастығы болды. Қандай қызметте болмасын Әбуләйіс Шілманов өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарады.

Құрметті демалыста болғанына қарамастан, 1982 жылдан 1992 жылға дейін Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің адвокаттар алқасының мүшесі болды.

Облыстық әділет саласындағы ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысқан Өтеген Төлеуұлы Мырзағалиев әділет органдарында 40 жыл жұмыс істеді.72-гвардиялық дивизияның құрамында соғысты, барлауға барды, Курск доғасындағы шабуылдарға қатысты. Ауыр жараланды. ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің, оншақты жауынгерлік наградалардың кавалері. Соғыстан кейін он жылдан астам уақыт судья, сосын прокурор болып істеді. 1968 жылдан 1970 жылға дейін облыстық сот төрағасының орынбасары және әділет бөлімі бастығының орынбасары. 1974 жылдан 1987 жылға дейін Балықшы аудандық сотының төрағасы.

Уағап Тұрымұлы Тұрымов,1923 жылы туылған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері, Әділет органдарының ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысқан.Атырау облысының құқық қорғау органдарында 1948 жылдан бастап, 33 жыл бойы қазмет атқарған. 1970 жылдан 1985 жылға дейін, 15 жыл бойы Атырау облыстық сотының төрағасы болды. Құқық қорғау органдарындағы жұмысқа қосқан елеулі үлесі үшін көптеген медальдармен, оның ішінде Жуков, «Ұлы Отан соғысы 1941-1945» медальдарымен және құрмет грамотасымен марапатталды.

Мұханғалиев Сұңғат Мұханғалиұлы құқық қорғау органдарына кадр тәрбиелеп, дайындауға бірнеше жылын арнады. Ол Әділет органдарына 40 жыл қызмет етті. 1985 жылдан 1988 жылға дейін Гурьев облыстық атқару комитетінің әділет бөлімін басқарды.

1972 – 1984 жылдары облыстық әділет бөлімінің бастығы болып бұған дейін Балықшы ауданының прокуроры болған Бөкен Қуанышев істеді. Ол медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мақтау грамоталарымен марапатталған.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, Парламент Мәжілісінің депутаты Гурьев облысы Теңіз ауданында 1947 жылы туылған Ирак Қасымұлы ЕлекеевС.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген соң жолдамамен Маңғышлақ облыстық сотының мүшесі болып істеді. 1980 жылдан бастап сегіз жыл бойы Маңғышлақ облыстық атқару комитеті әділет бөлімінің бастығы болды. 1988 жылы Атырау облыстық әділет басқармасының бастығы болып тағайындалды.

1996-2000 жылдар аралығында басқарманы Қарымсақ Салықұлы Салықов басқарады. Ол 1950 жылы Гурьев облысында туылған. Әділет органдарындағы қызметін Теңіз аудандық прокуратурасында тергеуші болудан бастаған ол кейіннен Новобогат, Исатай және Махамбет аудандарында прокурор,1992-1996 жылдары Атырау облыстық прокурорының орынбасары болды.

2001-2003 жылдарда Атырау облысының Әділет басқармасының бастығы болып Есжанов Ғайни Берекеевич қызмет атқарды. М.К.Киров атындағы Университетін аяқтаған соң , көп жылдар бойы Прокуратура саласында және Атырау облысының әкімдігінде мемлекеттік құқықтық бөлімін басқарған. 

2003-2009 жылдар арасында Атырау облысының Әділет департаментін Нұғманов Рахметолла Танатұлы басқарды. 1996-1999 жылдарда КИПМО С.С.Сартаев атындағы құқықтану және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығымен аяқтап, еңбек жолын Атырау облысы Жылыой аудандық сотының сот орындаушысы қызметінен бастаған. 

2009-2010 жылдар аралығында Утесинов Нурлыбек Аксайұлы Атырау облысы Әділет департаментінің бастығы болып қызмет атқарды. 1984-1987 жылдарда Гурьев қалалық Ауылшаруашылық техникумын, 1999-2001 жж «Ақниет» атындағы Заң колледжін және 2001-2004 жылдарда Орта-Азиялық Университетін заңгер мамандығымен бітірген. Еңбек жолын Атырау облысы Мақат станциясының Кедендік комитетінің инспекторы, Атырау қалалық сотының сот орындаушысы, Атырау блысы Сот актілерін орындау департаментінің аға сот орындаушысы болып қызмет атқарған.

2010 жылдың сәуір айынан бастап күні бүгінге дейін Атырау облысының Әділет департаментінің басшысы болып Баспаев Ернар Жеңісұлы қызмет атқарып келеді.

Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Авторлық құқық бойынша комитетінің жетекші маманы лауазымынан бастаған Е.Ж.Баспаев 2006-2007 жж. ҚР Жоғары соты жанындағы соттар әкімшілігі комитетінің соттар қызметін ұйымдастыру басқармасының бастығы, 2006-2007 жж. ҚР Жоғары соты жанындағы соттар әкімшілігі комитетінің соттар қызметін ұйымдастыру басқармасының бастығы, 2007-2008 жж. ҚР Жоғары соты аппаратының мамандар бөлімінің сектор меңгерушісі, 2008-2009 жж. ҚР Жоғары сот аппаратының ұйымдастыру-талдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2009 жылдың мамыр айында ҚР жоғары соты аппаратының сот мониторингі бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарды. 

Атырау облысының Әділет департаменті бойынша 7 аудандық Әділет басқармалары және 1 қалалық Әділет басқармасы қызмет атқарады.

Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы» Заңына сәйкес, Әділет департаменті өз қызметін келесі бағыттар бойынша жүргізеді:

-ұйымдастырушылық-бақылау және кадр қызметі; 

-нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу; 

-азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қою қызметін ұйымдастыру қызметі; 

-зияткерлік меншік құқығы бойынша; 

-құқықты түсіндіру және заң көмегін көрсету; 

-жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалынатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу; 

- заңды тұлғаларды тіркеу. 

-бухгалтерлік есеп және есеп-қисап бөлімі де жұмыс атқаруда.